Новости
ПЕДКОНСИЛИУМ
Оқушыларымыз жеңіспен оралды!!!
Биылғы оқу жылымыз қуанышты xабарлармен басталмақ. 3-11 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында болып өткен, Халықаралық Мегаполистер Олимпиадасынан еліміздің намысын қорғаған 11 сынып оқушыларымыз Жалғасов Асxат информатика пәнінен, Жандар Диас xимия пәнінен 2 орын иегерлері атанып, лицейіміздің қоржынын 2 күміс медальға толықтырды. Оқушыларымызды жеңістерімен құттықтай отырып, басқа да жетістіктерге жетулеріне тілектеспіз.
Мен өз Отанымның патриотымын
Алматы қазақ-түрік ер балалар лицейінің 2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйек «Білім күнінің» тақырыбы «Мен өз Отанымның патриотымын» деген ұранмен өтті. Оның себебі де жоқ емес. Олай дейтініміз бйыл айтулы мерекелерді тойлайтын жыл. Атап айтатын болсақ: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы; Алматы қаласына 1000 жыл; Ата заңымыздың қабылданғанына 21 жыл және де кеше өткен Рио - 2016 жазғы спорттық олимпиададан жерлестеріміз қанжығаларына 17 медаль алып, еліміздің байрағын шет елдерде желбіретуде. Әрине, мұның барлығы еліміз үшін зор абырой, зор мақтаныш. Білім күні сол мерекелерді атап өтіп, еліміздің жас өркендерінің бойына ұлтына, еліне деген патироттық сезімдерін оята білсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
"ҮРКЕР" - Үмітті ақтайды
12 мамырда Алматы қаласының Қабылдау үйінде сегізінші рет марапаттау мерекесі болып өтті. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 9-11 сынып оқушыларына салтанатты жағдайда «Үркер» төсбелгісін табыс етті. Бұл белгіге 2015-2016 оқу жылында жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың 77 жүлдегері ие болды. Олардың ішінде № 126, № 165, №105, №140, Әл Фараби атындағы мектеп және қазақ-түрік мектептері болды. 61 оқушы «Үркер» төсбелгісімен және 16 оқушы мақтау грамотасымен марапатталды.
Қала басшысы Бауыржан Байбек өз сөзінде: «Үздік оқушылардың «Үркер» төсбелгісіне ие болып жатқандығы елімізде білім сапасының артып келе жатқандығын көрсетеді. Табысқа жетелейтін үш негізгі фактор бар. Олар: тәрбие, білім және еңбек. Бұлардың барлығы сіздердің бойларыңызда бар. Назарбаев Зияткерлік Мектептері, Республикалық физика –математикалық бағыттағы мектеп, №159 мектептердің үлестері зор. Жылда жоғарғы көрсеткішті көрсетіп, «Үркер » белгісін үшінші рет алып отырған мамандандырылған қазақ-түрік лицейін атап айтсақ болады. Сіздерге оқуда жаңа табыстар мен бұдан да үлкен белестерді бағындыруды тілеймін» деп көрсетті. Мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты 2012, 2014 жылы және биыл 2016 жылы осы жүлдені иеленіп отыр .
Қазақ-түрік лицейінің түлегі Ғалымжан Балтабай да былай деп алғысын білдірді: «Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы! «Әлемдегі терең сыр, ғылыммен ғана ашылмақ» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай, ғылыммен неғұрлым көп танысқан сайын оны соғырлым жақсы көресің және көңілің шын мерейленсе , білім-ғылымның да өзі адамға мейірлене түсетіндей сезінесің. Білімнің шеті мен шегі жоқ, қайнар көзі сарқылмайтынын білдік. Осы алған білімімізді халық игілігіне жаратсақ, біздер бақыттымыз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев білімді жастарға жасап жатқан мүмкіндіктері мен артқан сенімі үшін зор алғысымызды білдіреміз. Алматының білімді жастарын осылай «Үркер» жүлдызы сияқты жарқыратып, білімге деген құлшынысымызды арттырып жатқаныңызға рахмет! Және де білім нәрін бойымызға сіңірген ұстаздарымыз бен аяулы ата-аналарымызға да мың алғыс» деп алғысын білдірді.
2015-2016 жылғы оқу жылындағы Республикалық Олимпиадасынан орын алған оқушыларымыз
Алматы қазақ-түрік ер балалар лицейінің оқушылары Республикалық олимпиададан үлкен жетістікпен оралды. Көбінесе информатика, математика, биология және химия пәндерінен жүлделі болды. Оларды атап айтатын болсақ, информатика пәнінен Боранбай Асылбек ағайдың жетекшілігімен 10 сынып оқушылары Жалғасов Асхат пен Мәдибеков Нұрбақыт І орынды, 11 сынып оқушысы Сайдолда Баян да І орынды иеленді. Биология пәнінен Алмағанбетов Жасұлан ағайдың жетекшілігімен Балтағұлов Мәди І орынды иеленсе, Абдылдаев Қасымжан ІІІ орынды иеленді. Химия пәні бойынша жетекшісі Жолгелдиев Жанболат ағайдың жетекшілігімен Абитаев Жанибек және Ашимов Сұлтан І орынды иеленсе, Балтабайтегі Ғалымжан ІІІ орынды өз қанжығаларына байлады. Математика пәнінен Султамуратов Радмир ағайдың жетекшілігімен Билялов Шыңғыс ІІ орынды иеленсе, география пәнінің мұғалімі Балқыбек Балзия апайдың оқушысы Қали Дінмухамед ІІІ орынды иеленді. Оқушыларымызды жетістіктерімен шын жүрекпен құттықтап, алар асуларын биік болсын демекпіз!